Диас Досқараев ерлер құрамасын қайтадан бастап шығады
Келесі маусымда Қазақстанның ерлер теннис құрамасы Дэвис кубогында жаңа капитанмен өнер көрсетеді, деп хабарлайды Prosports.kz. Бұл шешімді Теннис федерациясының президенті Булат Өтемұратов қабылдады.
Ерлер құрамасының жаңа капитаны болып Диас Досқараев тағайындалды. Ол осы қызметте Юрий Щукинді алмастырды. Ал Юрий Щукин әйелдер құрамасының Билли Джин Кинг кубогындағы капитаны болып қала береді. Булат Өтемұратов Юрий Щукинге атқарған еңбегі, кәсібилігі және ұлттық теннистің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Диас Досқараев 2012–2019 жылдар аралығында Қазақстан құрамасын жеті жыл басқарған. Осы кезеңде ол команданы 2013, 2014 және 2015 жылдары Дэвис кубогының ширек финалына шығарды. Ал 2019 жылы жаңа формат бойынша финалдық кезеңге жолдама алып берді.
Диас Досқараевтың айтуынша, ұлттық құраманы қайтадан басқару — өзі үшін үлкен мәртебе. Ол Дэвис кубогында ойын шеберлігімен қатар командалық рух пен ел алдындағы жауапкершіліктің аса маңызды екенін атап өтті. Қазіргі ойыншылар буыны мықты екенін айтып, басты мақсат — бірлік пен өзара сенім қалыптастыру екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың 6–7 ақпанында Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының бірінші әлемдік тобы аясында өз алаңында Монако құрамасын қабылдайды. Кездесулер Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында өтеді.