Қазақстандық теннисші Александр Бублик Australian Open турнирінің екінші кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Prosports.kz. Алғашқы айналымда ол америкалық Дженсон Бруксбиді айқын басымдықпен жеңді.
Кездесу үш сетке созылып, Бублик 6:4, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Матч екі сағат алты минутқа созылды, ойын барысында қазақстандық теннисші бастаманы толық өз қолында ұстады.
Келесі кезеңде Александр Бублик венгриялық Мартон Фучовичке қарсы ойнайды. Бұл матчта да қазақстандық теннисшіден тұрақты әрі сенімді ойын күтіледі.
Еске сала кетейік, ерлер арасындағы Австралия ашық чемпионаты 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтіп жатыр. Турнирдің жүлде қоры 74,9 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазіргі чемпион — италиялық Янник Синнер, ол былтырғы финалда Александр Зверевті жеңген болатын.