Қазақстан футзалының бас бапкері Какау қайта оралды – футзал жаңа дәуірге қадам баса ма?
Сегіз жылдық үзілістен кейін Қазақстан футзал құрамасының тізгіні қайтадан аты аңызға айналған бразилиялық маман Рикардо Камара Собралдың (Какау) қолына тиді. Бұл жаңалық отандық футзал үшін нағыз сенсацияға айналды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, Какау ұлттық құраманың бас бапкері болып ресми түрде тағайындалды. Ол бұған дейін 2013–2018 жылдары Қазақстан футзал құрамасын басқарған және дәл сол кезеңде команда тарихындағы ең үлкен жетістіктерге қол жеткізген.
Какаудың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы алғаш рет Еуропа чемпионатының жүлдегері атанып, 2016 жылғы құрлықтық біріншілікте қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар бразилиялық маман алматылық «Қайрат» клубымен бірге футзалдан УЕФА Кубогын екі рет - 2013 және 2015 жылдары жеңіп, ел футболының тарихына алтын әріппен жазылды.
Айта кетелік, Какау ұлттық құраманың тізгінін португалиялық Рикардо Пауло Каканың орнына алды. Соңғысы команда Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінен өте алмағаннан кейін қызметінен кеткен еді.