Қазақстандық спортшы аралас жекпе-жектен өткен Азия чемпионатында топ жарды
ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының спортшысы, қатардағы жауынгер Қадырбек Шынбаев ересектер арасында аралас жекпе-жектен өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өткен дүбірлі дода Қытай Халық Республикасының Сычуань провинциясына қарасты Лучжоу қаласында ұйымдастырылды. Құрлықтық біріншілікке Азияның 19 елінен 200-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыс барысында Қадырбек Шынбаев Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдерін сенімді түрде жеңіп, чемпион атанды.
– Қарсыластарымның барлығы мықты, тәжірибелі спортшылар болды. Әр жекпе-жек үлкен ерік-жігер мен тыңғылықты дайындықты талап етті. Дегенмен, алтын медаль жеңіп алып, көк байрағымызды желбірету мен үшін зор мәртебе, – деді чемпион.
Қадырбек Шынбаевтың бұл жетістігі қазақстандық әскери спорттың әлеуетін тағы бір мәрте айқындады. Айта кетейік, аталған Азия чемпионаты алдағы Азия ойындарына іріктеу турнирі саналады. Сондай-ақ, жарыстар бағдарламасына ММА спорты алғаш рет енгізіліп отыр.
Джастин Гэтжи UFC тарихындағы үздік төрт файтерді атады