Еркін күрестің аңызы Америкада өнер көрсетеді
АҚШ-тағы Real American Freestyle (RAF) кәсіби күрес лигасы еркін күрестен қос дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевпен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.
RAF - еркін күрес бойынша кәсіби турнирлер ұйымдастыратын америкалық лига.
Лиганың баспасөз қызметі мәлімдемесінде:
«Әлемдегі ең үздік еркін күрес шеберлері үшін бір ғана мекен бар ол RAF. Абдулрашид Садулаев RAF-пен кәсіби күресте өнер көрсету үшін эксклюзивті келісімшартқа қол қойды. Кілемге шыққан ең ұлы спортшылардың бірін өз қатарымыздан көру біз үшін үлкен мәртебе» делінген.
Танымал журналист Ариэль Хельванидің хабарлауынша, Садулаевтың RAF лигасындағы дебюті мамыр айында өтуі мүмкін.
Айта кетелік, 29 жастағы Абдулрашид Садулаев 2016 және 2020 жылдардағы Олимпиада чемпионы, сондай-ақ алты дүркін әлем чемпионы.