Габидолла Оразалы Валенсия құрамасына шақырту алды
Испанияның «Валенсия» клубында ойнайтын 13 жастағы қазақстандық шабуылшы Габидолла Оразалы Валенсия автономды қауымдастығының жасөспірімдер құрамасына шақырту алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық футболшы Валенсия U-14 құрамасының сапында алғашқы жаттығуын өткізді. Бұл командаға «Эльче», «Вильярреал» секілді жергілікті академиялардың ойыншылары жиналған және ұжым бүкіл Испания көлеміндегі турнирге қатысып жатыр.
Валенсия құрамасы жарыстың алғашқы үш матчында Наварраны 6:0, Мадридті 2:0 және Баск елін 2:0 есебімен жеңіп, Кастилия-и-Леонмен ойнамай тұрып-ақ ширек финалға шығуын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Айта кетейік, Габидолла Оразалы «Валенсия» клубының жүйесінде 2024 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ағымдағы маусымда флангта ойнайтын шабуылшы 15 матчта 12 гол соққан.