Сәтжановты неге қызметінен кетірді? Қызы: «Әділетсіздікке тап болдық»
Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжановтың қызметтен кету себебін оның қызы Еңлік Сәтжан әлеуметтік желіде ашық айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Еңлік Сәтжан әкесінің жұмыстан босатылуын әділетсіздік деп бағалап, бұл жағдайға отбасыларының ауыр қабылдағанын жеткізді.
«Біздің отбасымыз осындай әділетсіздікке тап болып отыр. Мен барлығына жазып, резонанс жасағым келеді, бірақ әкем қаламайды. Сен өміріңді сүйікті жұмысыңа арнап, нәтижеге жетсең де, бұл мемлекетке бәрібір. Олар сені өз қалауынша орныңнан алып тастайды» деп жазды ол әлеужелі парақшасында.
Сондай-ақ Еңлік Сәтжан Қазақстандағы жағдайға көңілі толмайтынын білдіріп, елден кетіп жатқан азаматтардың көбеюін де осы себеппен байланыстырды.
Айта кетелік, Қайрат Сәтжанов Париж Олимпиадасынан кейін Қазақстан құрамасын екінші мәрте басқарған болатын. Алайда 2026 жылдың 10 қаңтарында қызметінен босатылып, оның орнына Нұржан Хасанов тағайындалды.