Қазақстандық талант molodoy – HLTV нұсқасы бойынша әлемнің үздік дебютанты атанды
Қазақстандық киберспортшы Данил molodoy Голубенко беделді HLTV.org порталының таңдауы бойынша CS2 дисциплинасында 2025 жылдың үздік дебютанты атағын иеленді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты sports24.kz-ке сілтеме жасап.
Нәтижелер Counter-Strike әлемдік сахнасының үздік өкілдері жиналған HLTV Awards 2025 салтанатты рәсімінде қорытындыланды.
FURIA Esports бразилиялық ұйымының ойыншысы бұл марапат үшін Team Falcons сапындағы ресейлік Максим kyousuke Лукин мен Natus Vincere-дің Косоводан шыққан өкілі Дрин makazze Шакирден басым түсті.
Қазақ спортшысына марапатты Counter-Strike тарихындағы ең танымал ойыншылардың бірі, мароккан текті бельгиялық аңыз Адиль ScreaM Бенрлитом табыстады. Кештің басты жеке жүлдесі – «Жыл ойыншысы» атағы қатарынан үшінші рет француз Матье ZywOo Эрбоға бұйырды, ал molodoy маусым қорытындысы бойынша HLTV-дің жалпы рейтингінде жоғары алтыншы орынға көтерілді.
20 жастағы Данил Голубенко – Семей қаласының тумасы. Оның жоғары деңгейге жолы аса жылдам болды: FURIA сапындағы дебюті 2025 жылдың көктемінде өтсе, жазда команда Астанадағы ірі PGL турнирінің жартылай финалына дейін жетті. Маусымның шарықтау шегі – күз: 21 қыркүйекте FURIA 1,2 миллион доллар жүлде қорымен өткен FISSURA Playgrounds 2 турнирінде жеңіске жетті, ал қазақстандық ойыншы турнирдің MVP-і атанып, жыл жаңалығына айналғанын түбегейлі дәлелдеді.