ҰОК мен ҚХР елшілігі спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты
Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге ҚХР Елшілігінің кеңесшісі Цуй Инлань ханым, сондай-ақ мәдениет, туризм және спорт бағыттарына жауапты атташе Чжан Тай мырза қатысты.
Тараптар алдағы жылға арналған жоспарларымен бөлісіп, спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарын, сондай-ақ өткен жылы ұйымдастырылған іс-шараларды, оның ішінде Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарын талқылады. Әсіресе 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарын өткізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Аталған жарыс 22-30 сәуір аралығында Қытайдың Санья қаласында (Хайнань аралы) өтеді.
Бұл дода жағажайдағы Азия ойындарының тарихындағы алтыншысы болмақ. Сондай-ақ құрлықтың түкпір-түкпірінен келген спортшыларды жинайтыны атап өтілді. Жарыс бағдарламасына жағажай волейболы мен футболы, 3×3 баскетбол секілді дәстүрлі жағажай дисциплиналармен қатар серфинг, ашық суда жүзу, желкенді спорт сияқты су спорты түрлерін қоса алғанда, барлығы 14 спорт түрі енгізілген.
Кездесу барысында екі елдің спорт мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға қатысты ұйымдастырушылық және мәдени мәселелер де қарастырылды.
Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев қытайлық тараптың ұйымдастырушылық тәжірибесіне жоғары баға берді.
"Қытай ірі халықаралық кешенді спорттық жарыстарды ең жоғары деңгейде өткізуде мол әрі жан-жақты тәжірибеге ие. Алдағы Санья қаласында өтетін жағажайдағы Азия ойындары да халықаралық стандарттарға толық сай ұйымдастырылып, өңірдегі бүкіл спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға боларына сенімдімін", - деді ол.
Сондай-ақ тараптар бірқатар өзекті және келешектегі бастамалар бойынша пікір алмасып, алдағы кезеңге арналған өзара іс-қимыл жоспарларын талқылады. Бұл ретте тұрақты байланыс пен сындарлы диалогты сақтаудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.
Өзбекстан шахматтан да басып озып келеді
Балалар спортын қаржыландыру екі есеге жуық артады
Тәжікстан джиу-джитсуды ұлттық спортқа айналдыруды көздеп отыр