Асаубаева FIDE жаңартқан рейтингте үшінші орынға көтерілді
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін Халықаралық шахмат федерациясының жаңартылған рейтингінде айтарлықтай жоғарылады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Рейтинг жаңартуының қорытындысы бойынша Асаубаева бірден бес сатыға көтеріліп, әлемде үшінші орынға шықты. Блиц рейтингінің көшін бұрынғысынша қытайлық Хоу Ифань бастап тұр. Екінші орында тағы бір Қытай өкілі, қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь орналасқан.
Рейтингтің алғашқы бестігіне сондай-ақ ресейлік Екатерина Лагно мен Александра Горячкина енді. Ал үздік ондықта Лэй Тинцзе мен Тань Чжунъи (Қытай), Элин Руберс (Нидерланд), Хампи Конеру (Үндістан) және Чжу Цзиньэр (Қытай) бар.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атағын мансабында үшінші рет жеңіп алды. Бұған дейін ол 2021 және 2022 жылдары да әлемдік біріншілікте топ жарып, планетадағы ең мықты блиц шахматшылардың бірі екенін дәлелдеген.