Алвес «Сан-Жуан-де-Вер» клубына ортақтас болды
Бұрын «Барселона» мен Бразилия құрамасында ойнаған Дани Алвес португалиялық «Сан-Жуан-де-Вер» клубының тең иесі атанды, деп хабарлайды Prosports.kz. Португалияның үшінші дивизионында өнер көрсететін клубты сатып алу жөніндегі келісімнің нақты шарттары жарияланған жоқ.
Клуб таратқан мәлімдемеде бұл қадам команданың тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы екені айтылған. Сондай-ақ Алвестің жеңіске деген мінезі мен амбициясы клубтың дамуына серпін беретіні атап өтілді. Бұған дейін БАҚ-та бразилиялық футболшы жарты жылдық келісімшартқа отырып, ойыншы ретінде де алаңға шығуы мүмкін деген ақпарат тараған.
Дани Алвес мансабында «Барселона», «Севилья», «ПСЖ», «Ювентус», «Баия» және «Сан-Паулу» клубтарында ойнаған. Ол соңғы рет 2023 жылдың 8 қаңтарында Мексика чемпионатында «Пумас» сапында алаңға шықты.
Алвес футбол тарихындағы ең атақты ойыншылардың бірі саналады. Оның қоржынында 43 трофей бар. Ол алты рет Испания чемпионы атанып, Франция мен Италия чемпионаттарын ұтты, Чемпиондар лигасын үш мәрте, УЕФА Кубогын екі рет, УЕФА Суперкубогын үш рет жеңіп алған. Бразилия құрамасы сапында Конфедерациялар кубогын екі рет, Америка кубогын екі рет жеңіп, 2021 жылы Олимпиада чемпионы болды.
2024 жылдың ақпанында Дани Алвес жыныстық зорлық ісі бойынша 4,5 жылға сотталған еді. Ал 2025 жылдың наурызында Каталония Жоғарғы соты бұрынғы футболшыны ақтау туралы шешім шығарды.