Биатлоншының өлімінен кейін маска киюге тиым салынуы мүмкін
Норвегиялық биатлоншы Сиверт Баккеннің жұмбақ өлімінен соң дүниежүзілік антидопинг ұйымы гипоксиялық маскаларды қолдануға тиым салуды көздеп отыр, деп хабарлайды Prosports.kz.
23 желтоқсанда Сиверт Баккен 27 жасында көз жұмды. Ол қайтыс болған сәтте спортшының бетінде гипоксиялық маска болғаны анықталған.
Қазіргі таңда өлімнің нақты себептері белгісіз, алайда тергеу барысында гипоксиялық маска бас назарға алынған. Бұл маска мұрын мен ауызды жауып, тыныс алатын оттегінің көлемін жасанды түрде азайтады. Мұндай құрылғы биік таулы аймақтардағы физиологиялық жағдайды имитациялау мақсатында қолданылады.
Айта кетелік, Баккеннің қазасынан кейін WADA гипоксиялық маскалардың спортшылардың денсаулығына кері әсеріне алаңдаушылық білдіріп, оларды қолдануға тыйым енгізу мәселесін қарастырып жатыр.