Тоқаев блицтен әлем чемпионы атанған Бибісараны құттықтады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшы Бибісара Асаубаеваны блицтен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, оны мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Мемлекет басшысы Бибісара Асаубаеваның әлемдік шахмат тарихына өз атын жазғанын атап өтті. Ол Қазақстан атынан шыққан спортшылардың ішінде блицтен әлем чемпионы атағын үш рет жеңіп алған алғашқы шахматшы атанды. Президенттің айтуынша, бұл жетістік халықаралық деңгейде ғана емес, отандық шахмат мектебінің дамуы үшін де аса маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісараның табысы бүкіл әлемдік шахмат қауымдастығы үшін үлкен оқиға екенін айтып, қазақстандық шахматшылар мен жанкүйерлер оның өнерін орынды мақтан тұтатынын жеткізді. Елдегі шахматты дамытуға қосқан үлесі мен жоғары спорттық жетістігі үшін Бибісара Асаубаева «Барыс» орденінің II дәрежесімен марапатталды.