Қысқы Олимпиада: ШҚО-ның 12 спортшысы ел намысын қорғауы мүмкін
Шығыс Қазақстан облысының спортшылары 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында фристайл, биатлон, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру сынды спорт түрлерінде бақ сынауы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додада 93 елден 3 500-ден астам спортшы 16 спорт түрі бойынша бақ сынайды.
Шығыс Қазақстан спортшылары дәстүрлі түрде қысқы спорт түрлерінен ілгері тұрғаны белгілі. 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы сапында өңірдің 11 спортшысы өнер көрсеткен еді. Ал 2026 жылы Қазақстан намысын Ұлттық құрама сапында өңірдің 12 спортшысы қорғауы мүмкін.
– Қазіргі уақытта елдің Ұлттық құрамасының спортшылары халықаралық жарыстар мен Әлем кубогының кезеңдеріне қатысып жатыр. Бұл жарыстар Олимпиада лицензияларын жеңіп алудың негізгі тетігі. Лицензиялар спорттық нәтижелер мен жиналған рейтингтік ұпайлар санына қарай бөлінеді. Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсететін түпкілікті құрам барлық іріктеу жарыстары аяқталғаннан кейін, яғни 25 қаңтарда белгілі болады, - дейді ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аида Жуханова.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстаннан фристайл-могулдан Олимпиада жолдамасына Юлия Галышева, Анастасия Городко, Павел Колмаков, Аяулым Әмренова, Антон Понырев және Фёдор Булгаков үміткер. Биатлон бойынша Ольга Полторанина, Никита Акимов және Егор Гребенщиков жолдамаға таласып жатыр. Шаңғы жарысынан Ильяс Исабек, трамплиннен секіруден Сергей Ткаченко, ал тау шаңғысынан Захар Кучиннің қатысуы мүмкін.
Шаңғы жарысынан Қазақстан кубогы: масс-старттың нәтижелері