Хоккейден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы турнирге қалай дайындалады
2026 жылдың 19-25 қаңтары аралығында Түркияның Стамбул қаласында шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионаты (IIA дивизионы) өтеді.
Жоғары дивизионға жолдама үшін қазақстандық хоккейшілер Оңтүстік Корея, Латвия, Нидерланд, Жаңа Зеландия және Түркия құрамаларымен өзара мықтыны анықтайды.
Өткен жылы Қазақстан құрамасы тек Ұлыбританияға ғана жол беріп, күміс жүлдеге ие болған еді. Британдықтар сол маусымда бірінші дивизионға көтерілді. Алдағы турнирде жоғары топтан шығып қалған Оңтүстік Корея құрамасы ең мықты қарсылас болмақ.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бапкерлер штабы әлем чемпионатына дайындық жоспарын бекітті. 4 қаңтарда команда Өскемен қаласында жиналып, оқу-жаттығу жиындарының алғашқы кезеңін өткізеді. Ал 14-18 қаңтар аралығында дайындық Түркияда жалғасып, бір жолдастық кездесу жоспарланған (қарсылас кейін анықталады). 19 қаңтарда қазақстандық жас хоккейшілер әлем чемпионатындағы алғашқы матчында Жаңа Зеландияға қарсы ойнайды.