Селюк: «Жекеменшік клубтар – тәртіп пен дамудың кепілі»

Селюк: «Жекеменшік клубтар – тәртіп пен дамудың кепілі»

Жаңа 2026 жылға санаулы күндер қалды. Өтіп бара жатқан жыл қазақстандық футболда үлкен өзгерістермен есте қалды. Ең бастысы – клубтардың жекешеленуі. Жаңа қожайындар командалар мен инфрақұрылымға қомақты қаржы құя бастады. Енді жанкүйерлер осы реформалардың алдағы маусымда қалай нәтиже беретінін асыға күтіп отыр.

Осы тақырыпта Prosports.kz тілшісі белгілі ресейлік футбол агенті Дмитрий Селюкпен сөйлесті. Оның айтуынша, клубтардың жеке меншікке өтуі – дұрыс қадам. Өйткені жеке қожайын ақшасының қайда кетіп жатқанын қадағалайды, тәртіп болады, кәсібилік артады. Ал мемлекеттік қаржы көбіне тиімді жұмсалмайды дейді ол.


Дмитрий Дмитриевич, соңғы кезде Қазақстанда футбол клубтарына берілетін мемлекеттік қаржы азайып жатыр. Бұған көзқарасыңыз қандай?

— Мен клубтардың жекеменшік болғанын қолдаймын. Себебі жеке қожайын ақшасын жайдан-жай шашпайды, бақылау болады. Демек, тәртіп пен кәсібилік артады. Ал мемлекеттік қаржы көбіне тиімді жұмсалмайды.


Қазір қазақстандық клубтар жаппай жекешеленіп жатыр. Мысалы, «Шахтер» белгілі бизнесмен Тимур Турловтың қолына өтті.

— «Шахтердің» болашағы зор деп ойлаймын. Себебі кәсіби, футболды түсінетін адамдар келіп жатыр. Уақыт өте бұл клуб қазақстан футболының флагманына айналады деп сенемін.


Жалпы, мұндай реформа қазақ футболына не береді деп ойлайсыз?

— Ең бастысы, клуб иелері футболға шын ниетпен келуі керек. Міндет болған соң емес, футболды дамыту үшін. Сонда ғана нәтиже болады.


Бұл өзгерістер легионерлерге қалай әсер етуі мүмкін?

— Легионерлерге шектеу қою – үлкен қателік. Шектеу болған жерде бәсеке азаяды. Соның салдарынан жергілікті ойыншылар негізсіз жоғары жалақы сұрай бастайды. Мұны Ресей де, Беларусь те бастан өткерді. Нәтижесінде клубтар еурокубоктардан ерте шығып қалды.


«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы ойынын бақылап жүрсіз бе? Не айта аласыз?

— Бұл олардың алғашқы тәжірибесі. Қарсыластары өте мықты болды. Мұнда нәтиже емес, тәжірибе маңызды. Оның үстіне клуб жақсы табыс тапты. Егер ол қаржы жастарды дамытуға жұмсалса, бұл – дұрыс бағыт.

Алдағы маусымда сіздің ойыншыларыңызды КПЛ-дан көруіміз мүмкін бе?

— Иә, ондай мүмкіндік бар. Былтыр да бірнеше ойыншым Қазақстанда жақсы ойнады. Қазір кейбір келіссөздер жүріп жатыр, бірақ клубтардың бюджеті мен жоспары әлі толық анық емес.



Сөз соңында қазақстандық футбол жанкүйерлеріне айтар тілегіңіз?

— Барлық клубтар мен футболшыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Жарақат аз болып, қазақстандық командалар еурокубоктарда көбірек ойнаса екен деп тілеймін.


Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или