Әлем кубогының жеңімпазы Италияда қайтыс болды
27 жастағы норвегиялық биатлоншы, Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы әрі Еуропаның үш дүркін чемпионы Сиверт Гутторм Баккен Италияның Лавазе қаласындағы қонақүй бөлмесінен өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл ақпаратты Норвегия биатлоншылар одағы растады. Қазіргі таңда спортшының неден қайтыс болғаны белгісіз, оқиғаның мән-жайын италиялық құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
«Ең алдымен Сиверттің отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. Біз жергілікті билікпен тұрақты байланыстамыз. Командадағы спортшылардан осы ауыр кезеңде сабыр сақтауды сұраймыз», — деді ұйымның бас хатшысының міндетін атқарушы Эмили Нордскар.
Сиверт Баккен 2016 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына да қатысып, сол жарыста екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алған.