US Open чемпионы Елена Рыбакинаның ойынын жоғары бағалады
US Open турнирінің 2011 жылғы чемпионы, әлемнің бұрынғы төртінші ракеткасы Саманта Стосур қазақстандық теннисші Елена Рыбакинамен өткен матчтар өзіне айтарлықтай қиындық туғызғанын айтты.
Австралиялық спортшының айтуынша, Рыбакина жақсы бабында болған кезде корттағы аса қауіпті қарсыластардың біріне айналады.
- Мен өзімді әрдайым доп лақтыруды, қарсыластың берілісін оқи алатын ойыншы санайтынмын. Бірақ онымен, шамасы, жекелей сында үш рет ойнадым және әр жолы абдырап қалумен болдым. Оның берілісін болжай алмадым.
Ол бір ғана доп лақтырудан қалаған нүктесіне соққы жасай алады. Қай жаққа бағыттайтынын ешқашан біле алмайсың. Оны оқу өте қиын. Ал өз берілістерін оңай ұтып отырған кезде, ол қабылдауда да еркін ойнай бастайды, себебі қысым азаяды, - деді Саманта Стосур.
Оның сөзінше, қазақстандық теннисшінің жоғары деңгейде ойнауы үшін қажет барлық қасиеттері мен соққылары бар.
- Онда теннистен қалағаныңның бәрі бар. Егер ойынға толық дайын болса, ол нағыз орасан күшке айналады, - деп түйіндеді Стосур The Tennis бағдарламасының соңғы шығарылымында.
Айта кетейік, US Open турнирінің чемпионы атанған Саманта Стосур кәсіби мансабында әлемдік теннистің ең мықты ойыншыларымен кортта жолыққан.