World Boxing: Қазақстандық екі боксшы «Жылдың үздік боксшысы» атағына үміткер атанды
World Boxing халықаралық федерациясы «Жылдың үздік боксшысы» атағына үміткерлерді жариялады. Үміткерлердің қатарында екі қазақстандық боксшы бар, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ерлер арасында Махмұд Сабырхан номинацияға үміткер атанды. Онымен бірге номинацияға өзбекстандық Жавохир Умматалиев және Фазлиддин Эркинбоев, сондай-ақ бразилиялықтар Луис Оливейра мен Юри Фалькао кірді.
Қыркүйекте Ливерпульде Сабырхан 55 келі салмақ дәрежесінде World Boxing чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол 2023 және 2025 жылдардың әлем чемпионы, 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, сонымен қатар 2022 жылғы Азия чемпионатының вице-чемпионы және 2024 жылғы Азия чемпионы атанды.
Ал, әйелдер арасында Қазақстаннан Наталья Богданова бар. Ол 2025 жылғы Ливерпульдегі World Boxing чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Оның басты бәсекелестері - Үндістаннан Жасмин және Минакши, Норвегиядан Суннива Хофстад, Польшадан Агата Качмарска.
Қазақстан ұлттық құрама командасы 2025 жылғы World Boxing чемпионатында керемет нәтиже көрсетті. Құрамамыз жеті алтын медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Cонымен қатар, Махмуд Сабырхан мен Сағындық Тоғамбайдың қатысуымен өткен жекпе-жектер World Boxing ұйымы тағайындаған «Жылдың үздік жекпе-жегі» атағына үміткерлер қатарына енді. Ұйым өкілдері Махмуд Сабырханның америкалық Аарон Джудқа қарсы өткізген кездесуін, ал Сағындық Тоғамбайдың АҚШ өкілі Малачи Джорджеспен болған жекпе-жегін жоғары бағалады. Аталған екі кездесу шілде айында Астанада өткен Әлем кубогы аясында өтті.
Айта кетейік, бас жүлденің тағдыры әлеуметтік желілердегі көрермендердің дауысы арқылы анықталатын болады.