«Алтын әділетсіз кетті» Мэтт Робинсон Бибосынов туралы
Қазақстандық боксшы Сакен Бибосыновтың Дубайда өткен әлем чемпионатындағы финалдық жекпе-жегіне қатысты даулы пікір айтылды, деп хабарлайды Prosport.kz.
IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында 54 келіге дейінгі салмақта өткен финалға қатысты Мэт Робинсон Instagram желісінде өз ойын білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, турнирдегі төрешілер шешімі күмән тудырған.
«Қазақстан бокс мектебін өз басым жоғары бағалаймын. Бибосынов көп жылдан бері сүйікті боксшыларымның бірі. Алайда финалдағы шешім әділетсіз болды. Бірінші раундта Рогозин анық басым болды, тіпті 10:8 деп бағалауға да болар еді. Үшінші раундты да сол ұтты деп ойлаймын. Мұндай нәтижені көру өте өкінішті» деп жазды Робинсон.
Айта кетелік, 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында Бибосынов ресейлік боксшы Вячеслав Рогозинді төрешілердің бөлінген шешімімен (5:2) жеңіп, алтын медальға қол жеткізген еді.