Кормье Кейин Веласкестің ісіне қатысты жаңалықпен бөлісті
UFC-тің екі салмақтағы бұрынғы чемпионы әрі Даңқ залының мүшесі Даниэль Кормье Кейин Веласкестің сот ісіне қатысты соңғы жағдайды айтып, оның жақын арада бостандыққа шығуына үміт білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Кормьенің айтуынша, Кейин Веласкестің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу күні келесі жылдың ақпан айына ауыстырылған. Ол жанкүйерлерді спортшы үшін дұға етуге шақырып, соңғы бірнеше жылда басынан өткерген қиындықтардан кейін оның үйіне оралып, жаңа өмір бастауына тілектес екенін жеткізді.
«Үйде жүрген кезінде Кейин ешкімге қауіп төндірген жоқ, тек жаттықтырушылықпен айналысты. Бұл жаңалық мерекелер қарсаңында оған рух беріп, елге оралуға дайындалуына көмектеседі деп үміттенемін. Ақпанда бұл оқиғаның бәрі аяқталуы мүмкін», деді Кормье.
Еске салсақ, ауыр салмақта UFC чемпионы болған Кейин Веласкес 2022 жылдың ақпанында адам өлтіруге оқталу және бірқатар басқа айыптармен қамауға алынған. Содан бері оның ісі сотта бірнеше рет қаралып, тыңдау мен босатылу мерзімдері талай мәрте кейінге шегерілген. Даниэль Кормье ұзақ жылдар бойы оның жақын досы әрі жаттығудағы серіктесі ретінде Кейинге үнемі қолдау көрсетіп келеді.
UFC 324 турнирінің ресми постері жарияланды
Жас қазақстандық файтер сенсация жасап, Одилхон Камоловты жеңді