V Азия Пара ойындары: Голболдан Қазақстан құрамасы алтын медаль еншіледі

V Азия Пара ойындары: Голболдан Қазақстан құрамасы алтын медаль еншіледі

Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында Қазақстанның голболдан ұлттық құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Туризм және спорт министрлігі мәліметінше, аталған жарыста Қазақстан құрамасымен бірге Оңтүстік Корея, Иран, Таиланд және Сауд Арабиясының командалары бақ сынады. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтті.

Турнирдің бастапқы кезеңінде Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяға 9:10, Иран командасына 3:5 есебімен жеңілді. Кейіннен команда ойын жүйесін реттеп, тактикалық тұрғыда жинақталып, кездесу барысын өз пайдасына шеше білді. Нәтижесінде қазақстандық голболшылар Сауд Арабиясын 12:7, Таиландты 11:1 есебімен сенімді түрде жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Иран командасын 7:5 есебімен жеңіп, финалдық бәсекеде Оңтүстік Корея құрамасынан 9:6 есебімен басым түсіп, жарыстың алтын жүлдегері атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1-ші орын, Оңтүстік Корея 2-ші орын, Иран 3-ші орынға тұрақтады.

– Жарыс барысында барлығы алты ойын өткіздік. Спортшылар жарысқа жақсы дайындықпен келді. Мемлекет қолдауымен Алматы мен Астанада оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Нәтижеге көңіліміз толады. Команда құрамындағы алты спортшының төртеуі үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс болғанына қарамастан, олар өздерін жоғары деңгейде көрсете білді, - деді голболдан бас бапкер Андрей Шпехт.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында Дубай қаласында (БАӘ) өтті. Байрақты бәсекеге 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Аталған ойындарда Қазақстан құрамасы 9 спорт түрінен сынға түсіп, жалпы саны 68 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар.

Қазақстандық бадминтоншы халықаралық турнирдің ширек финалына шықты

Қазақстандық жас спортшы әлем кубогында алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық спортшы Германиядағы әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетті

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или