Конго құрамасындағы ойыншыларға қатысты дау: Нигерия ФИФА-ға жүгінді
Нигерия футбол федерациясы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде ДР Конгоға қарсы өткен матчқа байланысты ФИФА-ға ресми шағым жолдады, деп хабарлайды Prosports.kz. Аталған кездесуде негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, пенальти сериясында ДР Конго 4:3 есебімен жеңіске жеткен.
Нигерия тарапы бұл ойында қарсылас команда сапында алтыдан тоғызға дейін ұлттық құрамада ойнауға құқығы болмаған футболшы өнер көрсетті деп есептейді. Олардың басым бөлігі Еуропада дүниеге келген және азаматтығын ауыстыру мәселесін толық рәсімдемеген деген уәж айтылып отыр.
Мәселе ДР Конго заңнамасына тіреледі. Бұл елде қос азаматтыққа тыйым салынған, ал аталған ойыншылар еуропалық төлқұжаттарынан ресми түрде бас тартпаған. Осы себепті олардың ұлттық құрама сапында ойнауы заңға қайшы деп саналады.
ФИФА бұл іске қатысты шешімді 2026 жылғы әлем чемпионатының құрлықаралық плей-офф ойындары басталғанға дейін, яғни наурыз айында жариялауы тиіс.