Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына байланысты тергеу жұмыстары жалғасуда
7 желтоқсанда WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBA белдігінің иегері Эрисланди Ларамен біріктіру жекпе-жегінде кездесу керек болатын, деп хабарлайды Prosports.kz.
Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда оның допинг сынамасынан мельдоний табылып, айқас тоқтатылған еді. Бұл оқиға бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.
«Халықаралық тәжірибеде B сынамасын талдау тек A сынамасының бастапқы нәтижелерін растау немесе жоққа шығару қажеттілігі туындаған жағдайда ғана жүргізіледі. Процедура тәуелсіз, аккредиттелген зертханада жүзеге асады және барлық хаттамалық талаптар қатаң сақталады. Сонымен қатар, спортшының және мүдделі тараптардың өкілдерінің қатысуына мүмкіндік беріледі. Дәл осы тетік объективтілікті қамтамасыз етіп, кез келген қателік немесе қате түсіндіру ықтималдығын болдырмауға қызмет етеді», – деп хабарлады Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы.
Сондай-ақ, федерация B сынамасын ашу күнінің белгіленуі қандай да бір заңбұзушылықтың мойындалуы болып табылмайтынын және алдын ала қорытынды жасалмайтынын атап өтті. Бұл халықаралық антидопингтік ережелерде қарастырылған, фактілерді түпкілікті анықтауға бағытталған стандартты рәсімдік қадам.
Федерация өкілдері 2 сынама бойынша да ресми қорытынды алынғанға дейін Жәнібек Әлімханұлының жағдайына қатысты кез келген жария мәлімдемелерге, болжамдар мен бағалау пікірлеріне қарсы екенін жеткізді.
B сынамасын ашудың нақты күні әзірге жария етілген жоқ. Сонымен қатар, федерация VADA ұйымынан A сынамасы бойынша ресми әрі толық жауапты әлі де күтіп отырғанын мәлімдеді.
Қазақстандық боксшының командасы да спортшының жазықсыз екенін мәлімдеп, қайта тексерісудің әділдік орнататынына сенім білдірген болатын.
«Бұл допинг мәселесі де шешіледі… Ең бастысы — біз таза спортшымыз! Қазір талдаудың екінші үлгісін ашуға ресми өтініш бердік. Жауабын күтіп отырмыз», – деп жазды команда өкілдері.
Жәнібек Әлімханұлының қанынан допинг табылды
Жәнібек Әлімханұлының орнына Лараға қарсы кім шығады?
Бокс сарапшысы Жәнібек Әлімханұлы қандай жаза алуы мүмкін екенін айтты
Жәнібектің допинг қабылдамағанына сенімдіміз — Туризм және спорт вице-министрі