Мехди Тареми әлем чемпионатына бармауы ықтимал

Мехди Тареми әлем чемпионатына бармауы ықтимал


Иран құрамасы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды Prosports.kz. Алайда жанкүйерлердің қуанышын бірінен соң бірі шыққан жағымсыз жаңалықтар көлеңкелеп отыр.

Иран құрамасы басты жұлдызы Мехди Таремисіз қалуы мүмкін. «Олимпиакос» шабуылшысы әкімшілік әрі саяси кедергілерге байланысты АҚШ аумағына кіре алмай қалу қаупіне тап болды.

Мәселенің түп-төркіні АҚШ президенті Дональд Трамптың белгілі бір елдердің азаматтарына виза беруді шектейтін жарлығында жатыр. Бұл тізімге Иран да кіреді.

Оған қоса, Таремидің мансабында Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Әскери-теңіз күштерінде міндетті әскери қызмет өткергені бар. Бұл ұйым АҚШ-тың санкциялық тізімінде тұрғандықтан, дәл осы жайт виза алуға басты кедергі болуы мүмкін.

Иран футбол федерациясының президенті Мехди Тадж мәселені шешу үшін белсенді жұмыс жүріп жатқанын растады. Оның айтуынша, Таремидің әлем чемпионатына қатыспауы ұлттық құрама үшін үлкен соққы болмақ, себебі оның тәжірибесі мен нәтижелілігі аса маңызды.

Әлем чемпионатында Иран құрамасы Бельгия, Мысыр және Жаңа Зеландиямен бір топта ойнайды. Үздік ойыншының жоқтығы команданың жоспарлары мен мүмкіндіктеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Айта кетейік, Мехди Тареми бұған дейін Чемпиондар лигасындағы «Қайратқа» қарсы ойында «Астана Аренада» алаңға қосалқы құрамнан шыққан болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или