Жастар құрамасы Австрияны соңғы минутта тізе бүктірді
13 желтоқсанда Қазақстанның жастар хоккей құрамасы Словенияда өтіп жатқан IA дивизионындағы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы соңғы матчын өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz. Турнирдегі соңғы қарсылас топ фавориттерінің бірі саналатын Австрия құрамасы болды.
Ойынның басталуы қазақстандықтар үшін өте ауыр өтті. Бірінші кезеңнің ортасына қарай австриялықтар қатарынан төрт шайба соғып, айқын басымдыққа ие болды. Соған қарамастан Антон Васиннің шәкірттері берілмеді: үзіліске дейін Алишер Саркенов пен Корней Корнеев есеп айырмасын қысқартып, ойынды қайта тірілтті.
Шешуші сәттер үшінші кезеңде орын алды. Алдымен Семен Черкасов есепті азайтты, артынша Мстислав Шипилин таразы басын теңестірді. Ал матчтың аяқталуына бір минут қалғанда Корней Корнеев жеңіс шайбасын соғып, керемет камбэкке нүкте қойды – 5:4.
Әлем чемпионаты-2026. IA дивизионы Қазақстан U20 – Австрия U20 – 5:4 (2:4, 0:0, 3:0) Шайбалар: Саркенов (18), Корнеев (20, 59), Черкасов (42), Шипилин (45).
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан жастар құрамасы үш жеңіске, екі жеңіліске қол жеткізіп, 9 ұпаймен әлем чемпионатын үшінші орынмен аяқтады.