Мохамед Салах «Ливерпульдің» аңыздарына қосылды
Мохамед Салах АПЛ-дің 16-туры аясында «Брайтонға» қарсы ойында нәтижелі пас беріп, тағы бір маңызды межені еңсерді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Осы ассисттің арқасында мысырлық футболшы Премьер-лигада «Ливерпуль» сапында 277 голдық әрекетке тікелей қатысқан. Оның еншісінде 188 гол мен 89 нәтижелі пас бар. Бұл – турнирде бір клубтың атынан ойнаған футболшылар арасындағы абсолют рекорд.
Салах осы көрсеткішпен «Манчестер Юнайтед» жейдесінде 276 голдық әрекет жасаған Уэйн Руниді артта қалдырды. Рунидің есебінде 183 гол мен 93 ассист болған.
Айта кетейік, бұл матч Салахтың «Ливерпуль» сапындағы соңғы ойындарының бірі болуы мүмкін. Ол Африка ұлттар кубогына аттанбақ, ал клубтың бапкерлер штабы және басшылығымен арадағы келіспеушіліктерге байланысты футболшы қаңтар айында «Энфилдтен» кетуі ықтимал.
Ал ойынның өзінде «Ливерпуль» «Брайтонды» 2:0 есебімен ұтып, қос голды Уго Экитике соқты.