Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті WADA-2025 Бүкіләлемдік допингке қарсы конференциясына қатысты
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Пусан қаласында (Оңтүстік Корея) Busan Exhibition and Convention Center алаңында өткен WADA-ның 2025 жылғы Бүкіләлемдік конференциясына қатысты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азияда алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараға әлемнің 190-нан астам елінен 2000-ға жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында антидопинг ұйымдары, Халықаралық федерациялар, Ұлттық Олимпиадалық комитеттері, аккредиттелген зертханалар мен спорттық институттардың өкілдері болды. Қазақстан ҰОК атынан конференцияға Спорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов қатысты.
Форум әлемдік спорт қауымдастығының жетекші тұлғаларын бір арнаға тоғыстырды. Конференцияда ХОК президенті Кирсти Ковентри, WADA басшысы Витольд Банька, WADA вице-президенті Ян Ян, Бүкіләлемдік антидопинг кодексінің алғашқы нұсқасын әзірлеген Ричард Янг, сондай-ақ халықаралық федерациялардың жетекшілері, ХОК мүшелері, NADО және RADО өкілдері, зертханалар мен сарапшылар тобының делегаттары сөз сөйледі.
Конференцияның басты нәтижесі - 2027 жылдан бастап күшіне енетін Бүкіләлемдік антидопинг кодексінің жаңартылған нұсқасын қабылдау болды. Жаңартылған құжаттар топтамасына сегіз стандарт және спортшылардың құқықтары жөніндегі жаңартылған Athletes’ Anti-Doping Rights Act кіреді.
Өзгерістер спортта адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ допингке қарсы жұмыста тек бақылауға сүйенген тәсілден, спортшылармен әріптестікке негізделген жаңа модельге көшуге бағытталған. Кәмелет жасқа толмағандар мен өзге де осал санаттарды қорғауға ерекше назар аударылды.
Жаңартылған Кодекс 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін халықаралық және ұлттық ұйымдар өздерінің ішкі ережелері мен рәсімдерін жаңартылған антидопинг жүйесіне сәйкестендіруі тиіс.
"Конференцияға қатысу жаңартылған Кодекстің құрылымы мен 2027 жылы күшіне енетін талаптарды егжей-тегжейлі түсінуге мүмкіндік берді. Біз үшін ұлттық регламенттерді дер кезінде бейімдеу және қазақстандық спортшылар мен бапкерлер құрамының халықаралық стандарттарға толық сәйкес жағдайларда жұмыс істеуін қамтамасыз ету өте маңызды", - деді Теміржанов.
Меруерт Камалиденова шахматтан Испаниядағы беделді турнирде күміс жүлде алды
Қазақстандық шахматшы Испаниядағы турнирде күміс медаль еншіледі