«Қайрат» – «Олимпиакос»: стадионға қалай тез жетуге болады?
Елорданың «Астана Арена» стадионында 9 желтоқсанда Чемпиондар лигасының аясында «Қайрат» – «Олимпиакос» матчы өтеді. Көрермендер үшін стадионға арнайы автобустар қатынайды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Автобустар мына орындардан қатынайды:
- «Қалалық цирк» автотұрағы;
- «Әзірет Сұлтан» мешітінің автотұрағы;
- «Қазақстан» спорт кешенінің автотұрағы;
- Орталық парк автотұрағы;
- «Бас Мешіт» автотұрағы.
Автобустар 18:00-де қозғала бастайды және екі бағытта қатынайды. Көрермендерге жиналу орындарына 17:30-ға дейін келу ұсынылады.
«Матч кезінде Астана қаласының полиция департаменті қауіпсіздік шараларын күшейтеді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шамамен 2800 полиция қызметкері жұмылдырылады, оған патрульдік бөлімшелер, учаскелік инспекторлар және кинологиялық қызмет кіреді», - делінген хабарламада.
Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарында көлік қозғалысына шектеулер енгізілмейді.
Астана полициясы көрермендерге қоғамдық тәртіпті сақтауды, құқық қорғау қызметкерлерінің нұсқаулықтарын орындауды ескертеді және матчқа қауіпсіз әрі ыңғайлы жету үшін ұйымдастырылған қоғамдық көлікті пайдалануды ұсынады.