Қазақстан жылдар бойы әлемге ұлы боксшыларды сыйлап келеді — Кіші Рой Джонс

Қазақстан жылдар бойы әлемге ұлы боксшыларды сыйлап келеді — Кіші Рой Джонс

Әлемге танымал боксшы кіші Рой Джонс Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында Орталық Азия өңірінде кәсіби бокс инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ойларын, жас таланттарға танылу мен жетістікке жетуге көмектесу жоспарлары туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Prosports.kz

Кіші Рой Джонс Астанада бірқатар кездесу мен шеберлік сағатын өткізеді және спортты дамытудағы болашақ ынтымақтастықты талқылайды. Оның бұл сапары Қазақстанның бокс әлеуетіне деген халықаралық қызығушылықтың артқанын және елдің жаһандық аренадағы орнын күшейтуге ұмтылысын көрсетеді.

— Джонс мырза, Қазақстанға қош келдіңіз. Бұл сапарыңызда қандай кездесу мен жобаларды жоспарлап отырмыз?

— Қазақстанда достарым көп, оның ішінде медиа саласында істейтіндер бар. Олар мені Қазақстанға шақырып, балаларға шеберлік сабағын өткізуімді сұрады. Кейінірек мұнда зал ашу мүмкіндігін талқылай бастады және бұл іске Серік Сәпиев, Василий Жиров және басқа спортшыларды тартты. Сондықтан мені жас спортшыларға шеберлік сабақтарын өткізуге шақырғанына қуанышты болдым. Бұл өңірде бокс өте танымал, ал мен боксты сүйетін жерде болғанды жақсы көремін. Сол себепті Қазақстанға қайта келу мүмкіндігі туғанда «неге келмеске?» деп ойладым.

— Сіз Қазақстанға бірнеше рет келдіңіз, жергілікті жанкүйерлермен тығыз байланыс орнаттыңыз. Бүгін Қазақстан және оның спорттық мәдениеті туралы әсеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

— Қазақстан — спорт туралы, әсіресе бокс туралы айтқанда, әлемдегі ең үздік елдердің бірі. Біз бәріміз өз саламыздың шеберіміз және бізді осы нәрсе біріктіреді. Көп адам спорттың дін мен нәсілден жоғары тұратынын түсінбейді. Егер сен өз ісіңде мықты болсаң, адамдарға басқа ештеңе маңызды емес. Олар тек сенің тарихыңды және Құдай берген талантыңды қалай ашқаныңды білгісі келеді. Спорт біздің өміріміздің әрқашан Құдайдың қолында екенін үйретеді. Сондықтан бізде нәсілшіл болуға немесе біреуге алдын ала баға беруге уақыт жоқ. Біз — бауырлармыз және бір-бірімізді құрметтейміз.

— Жақында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Оның спортқа әсерін қалай бағалайсыз және оны аталған рөлге лайық ететін қандай қасиеттері бар?

— Меніңше, Головкин кандидатурасы ең үздік таңдау болды. Бұл өңірдің боксшыларының ішінде Головкин — ең танымал және ең табысты тұлға. Әрине, Ломаченко мен Усик сияқты ұлы боксшылар болды, бірақ Головкин ең танымал әрі тұрақтысы бола алды. Менің ойымша, Головкиннің америкалық бапкері оның толық әлеуетін ашуға мүмкіндік бермеді. Ол жылдар бойы орта салмақта қалды, әйтпесе ауыр салмаққа көтеріліп, суперорта салмақта Андре Уордқа қарсы шыға алар еді. Егер ол Уордты жеңгенде, салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің нөмір бірінші боксшысы атанар еді. Бірақ соған қарамастан, Головкин — тамаша спортшы. Ол боксты барлық жағынан түсінеді және оның World Boxing президенті ретінде керемет басшы болатынына сенімдімін.

— Қазақстандағы көптеген жас спортшы сізді тәртіп пен спортта ұзақ жүрудің үлгісі деп санайды. Кәсіби спортта тұрақты әрі табысты мансап құрғысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Мен үнемі ардагер боксшыларға және олардың жүріп өткен жолына қараймын. Көп еңбектену керек және ең үздік болуды қалау қажет. Егер ең үздік болғың келмесе, онда бұл іспен неге айналысасың? Барлық адам ақша тапқысы келеді, бірақ ең алдымен үздік болуға ұмтылыс тұруы керек, өйткені ең мықтысы болсаң, ақша өзі келеді. Қазір көптеген боксшы алдымен ақша туралы ойлайды, ал үздік болуға ұмтылмайды. Соның кесірінен спорт зардап шегеді. Реттілікті бұзуға болмайды. Балалар мені қанша ақша тапқаным үшін емес, ең жақсы болғаным үшін құрметтейді. Бұл өңірдің боксшылары әлі де дәл солай ойлайды. Олар бәрінен бұрын ұлылықты қалайды. Мен мұны құрметтеймін.

— Қазақстан халықаралық бокста өз позициясын нығайтуды жалғастырып келеді. Сіздің ойыңызша, қазақстандық боксшылардың жаңа буынының әлеуеті қандай және қандай қасиеттер оларды жоғары деңгейде бәсекеге қабілетті етеді?

— Олардың күші — мықты негізгі дайындықта. Олардың бәрі аяқпен керемет жұмыс істейді, соққы техникасы мықты және бокс интеллекті жоғары. Мысалы, бүгінгі кубалық боксқа қарасаңыз, оларда бұрынғыдай аяқпен жұмысы жоқ. Ал қазақстандықтардың аяқпен жұмысы әлдеқайда тәртіпке салынған. Қазақстан мен Өзбекстан техникалық шеберлік жағынан әлемдегі ең үздік елдердің қатарында. Негізді жоғалтсаң — құлайсың. Қазақстан, Өзбекстан және Ресей мықты, себебі олар базалық принциптерді сақтайды. Сол себепті Жәнібек Әлімханұлы сияқты боксшылар әлем чемпионы атанады.

Қазір мен Қазақстанда ірі жекпе-жектер өткізуге мүмкіндік беретін платформа жасауға көмектескім келеді. GGG сияқты чемпиондар мен болашақ жұлдыздардың тек шетелде ғана емес, өз отанында да жұдырықтасуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл — менің мақсаттарымның бірі.

— Бұл сіздің қазіргі басты жобаңыз ба?

— Бұл негізгі жобаларымның бірі. Мен бос нәрсе үшін өмір сүрмеймін, мен бокс үшін өмір сүремін. Құдай мені бокс өнерімен жарылқады және мен бұл спорттың дамығанын қалаймын. Егер дұрыс серіктестер мен инвесторлар тапсам, боксты лайықты деңгейіне қайта көтере аламыз. Қазақстанда Серік Сәпиев сияқты керемет спортшылар бар, ол Олимпиада алтынын жеңіп алған. Ол да күшті кәсіби мансап құра алатын еді, бірақ мұнда кәсіпқой бокс дамымады, ал өзі елінен кеткісі келмеді. Сондықтан қазір болашақ таланттарға кәсіби мансапты өз елінде құруға мүмкіндік беретін жағдай жасауымыз керек.

— Жәнібек Әлімханұлы туралы айтар болсақ, оның допинг ісі қалай аяқталады деп ойлайсыз?

— Жәнібек — мұндай жағдайға тап болған бірінші боксшы емес. Бұл жағдай Канеломен де болды, бір кездері менімен де және басқа да көптеген спортшының басынан өткен. Егер бұл қателік болса және ол оны не тудырғанын түсінсе, мұны енді қайталамайды. Маңыздысы осы. Канело «ластанған еттен проблема болды» деп айтты. Менің жағдайымда мен бірде Ripped Fuel деген жаңа қоспаны қабылдадым да, оң нәтиже шықты. Егер Жәнібек не болғанын түсініп, болашақта бұдан сақтанса, бәрі жақсы болады. Бұл жағдайға тап болған алғашқы да, соңғы да спортшы емес.

— Сіз жаттықтырушы, промоутер және қоғам қайраткері ретінде белсенді жұмыс істеп келесіз. Қазір қандай жобаларға көңіл бөліп отырсыз?

— Менің арманым — боксты бүкіл әлемге жеткізетін платформа құру. Мен Қазақстаннан, Әбу-Дабиден, Дубайдан, Африкадан — барлық жерден жекпе-жектер ұйымдастырғым келеді. Бұл шаралар трансляцияланып, адамдар жас боксшылардың өсіп келе жатқанын бақылай алатындай болғанын қалаймын. Егер біз әуесқой деңгейден бастап спортшыларды бақылауға мүмкіндік беретін жүйе құрсақ, оларды әлем таниды, қолдайды, түсінеді. Қазір бокста мұндай жүйе жоқ. Бір кезде бір боксшы шыға келеді де, адамдар «Бұл кім?» деп сұрайды.

Пабло Корсо да солай. Ол көптеген мықты қарсыласын жеңді, бірақ көпшілік оны әлі танымайды, кенеттен пайда болғандай көрінеді. Бірақ егер сіз боксты мұқият бақылап жүрсеңіз, оның ұзақ жылдан бері жоғарыға көтеріліп келе жатқанын білесіз. Спорт жанкүйерлерге жас боксшылардың өсу жолын қадам-қадамымен бақылауға мүмкіндік бермейді. Олардың жолын тұрақты түрде көрсететін медиа жоқ. Мұны өзгерту қажет.

Мен дәл осыны жасағым келеді. Дұрыс инвестиция болса, біз Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан — қалаған жерден тұрақты түрде кәсіпқой бокс кештерін өткізе аламыз. Сонда бүкіл әлем жаңа чемпиондардың қалай пайда болатынын көре алады.

— Бұл жобалардың жүзеге асуы дәл Қазақстанда басталғанына қуаныштымыз. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Сұхбат соңында айтқыңыз келген қосымша бір нәрсе бар ма?

— Иә. Қазақстан көп жыл бойы әлемге ұлы боксшыларды сыйлап келеді. Болашақ чемпиондарды ең басынан бастап дамытуға көмектесу — мен үшін керемет мүмкіндік. Мен бұдан жақсы ел таңдай алмас едім, өйткені қазақстандық бокс мектебі өте мықты іргетас қалыптастырған. Мен осы жолдың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын және бастауға асығып жүрмін. Мен Қазақстанды жақсы көремін, Қазақстан жұрты мені жақсы көреді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или