WBC Стивенсонға Лопеспен жекпе-жек өткізуге рұқсат берді
Шакур Стивенсон жеңіл салмақтағы WBC белдігін уақытша сақтап қалатын болды, деп хабарлайды Prosports.kz. Ұйым боксшының өтінішін қанағаттандырып, оған алғашқы жартылай орта салмақтың WBO чемпионы Теофимо Лопеске қарсы жекпе-жек өткізуге рұқсат берді.
WBC шешіміне сәйкес, 31 қаңтардағы айқастың нәтижесі қандай болса да, Стивенсон жеңіл салмақтағы чемпионындық мәртебесін сақтап қалады. Алайда жекпе-жектен кейін ол нақты қай салмақта титул ұстайтынын таңдап шешуі тиіс.
Сонымен қатар ұйым жеңіл салмақтағы ресми іріктеу жекпе-жегін бекітті: рейтингтегі екінші нөмір Рикардо Нуньес төртінші орында тұрған Хадиель Эррерамен кездеседі.
Бұл шешімдер Таиландта өткен WBC-дің жыл сайынғы конвенциясында қабылданды. Онда әр салмақтағы титулдық және іріктеу айқастарына қатысты маңызды мәселелер талқыланды.