Қазақстандық бапкер World Skate ұйымдастырған CEAS білім беру бағдарламасының бірінші деңгейін аяқтады

Қазақстандық бапкер World Skate ұйымдастырған CEAS білім беру бағдарламасының бірінші деңгейін аяқтады

Скейтбордингтен Қазақстан құрамасының бас бапкері Антон Повеквечнов Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен Халықаралық World Skate федерациясы Olympic Solidarity бағдарламасымен бірлесіп әзірлеген Coach Education and Accreditation System (CEAS) білім беру бағдарламасының бірінші деңгейін сәтті аяқтады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол 350 үміткердің ішінен іріктелген алты маманның қатарына енді.

Бағдарлама АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы әлемдегі жетекші спортшылар мен жаттықтырушылар даярлайтын орталықтардың бірі - Woodward-те өтті.

CEAS бағдарламасының бірінші деңгейі жас бастаушы скейтбордшылармен жұмыс істеуге бағытталған және халықаралық базалық талаптардың толық спектрін қамтиды: техникалық және тактикалық дайындық, спортшы психологиясы мен әлеуеті, физикалық дайындық пен спорттық ғылым негіздері, жаттығу процесін жоспарлау және басқару, жаттықтырушы мен спортшы арасындағы байланыс, сондай-ақ қауіпсіздік талаптары.

Оқыту барысында World Skate жетекші сарапшыларының қатысуымен заманауи жаттықтыру әдістемелері, халықаралық стандарттар және тәжірибелік сабақтар ұштасып, қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастыру, стрит және парк бағдарламалары үшін негізгі дағдыларды дамыту, спортшылардың жекелей өсу бағыттарын анықтау  мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Алынған білім мен тәжірибе Қазақстандағы әдістемелік жұмыстың алдағы дамуына негіз болады. Антон Повеквечнов халықаралық тәсілдерді ұлттық дайындық жүйесіне бейімдеуді, бапкерлерге арналған оқу-әдістемелік материалдар әзірлеуді, сондай-ақ бұл оқуды балалар мен жасөспірімдер бағдарламаларын дамытуға және жаттығу процесінің сапасын арттыруға қолдануды жоспарлап отыр.

"World Skate ұйымдастырған біліктілікті арттыру бағдарламасы әлемдік деңгейде скейтбордингке дайындау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ Венгрия, Чили, Оңтүстік Африка мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасады.

Төрешілер, жаттықтырушылар мен спортшыларға арналған осы оқу бағдарламасының ерекшелігі инновациялық тәсілдерді меңгеруге жол ашты: батуттарды қолдану, паркур элементтері арқылы қону техникасын жетілдіру, жаңа тәсілдерді поролон шұңқырларында және резеңке қапталған пішіндерде қауіпсіз игеру.

Ұйымдастырушылар жарыс жағдайында психологиялық дайындық бойынша да құнды кеңестер берді. Алған білімім еліміздің бапкерлік мектебін нығайтуға, жас спортшыларды кәсіби тұрғыда дайындауды жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін", - деді маман.

Olympic Solidarity - Халықаралық Олимпиадалық комитеттің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерді қолдауға бағытталған жаһандық бастамасы. Бағдарлама спортты дамытуға, спортшыларды даярлауға, бапкерлер мен менеджерлердің біліктілігін арттыруға, олимпиадалық құндылықтарды ілгерілетуге және Олимпиада ойындарына қатысуға қаржылай әрі техникалық қолдау көрсетуді көздейді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или