Бауыржан Сағындық: Топтан бірінші орынмен шыққанымыз – кез келген қарсыласпен ойнауға болатынын көрсетті

Бауыржан Сағындық: Топтан бірінші орынмен шыққанымыз – кез келген қарсыласпен ойнауға болатынын көрсетті


17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Бауыржан Сағындық ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында бірінші іріктеу кезеңінің қорытындысын шығарып, ойыншыларды таңдау принциптері, жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламаларының әсері және алдағы элиталық раундқа дайындық жайында ой бөлісті.

– Іріктеу кезеңінің нәтижесін қалай бағалайсыз? Команда қойылған мақсатты орындай алды ма?

– Жалпы, осы кезеңдегі команда жұмысына оң баға беремін. О баста келесі кезеңге өтуді мақсат еттік. Жігіттер бұл тапсырманы керемет орындап шықты. Топтан бірінші орынмен шықтық. Әрине, әлі де жұмыс істейтін тұстарымыз бар. Ол бағыттарда жұмыс істейтініміз анық. Бірақ жалпы осы кезеңге қойылған мақсат толық орындалды.

– Ойыншылардың тәртібі, тактиканы түсінуі және ойын жоспарын орындауы көңіліңізден шықты ма? Қандай жақтарын жақсарту қажет деп ойлайсыз?

– Ең қуантқаны – жігіттердің тәртібі. Тек алаңда емес, күнделікті өмірде де өздерін жақсы қырынан көрсетті. Команда жоспарды ұстанып, тактикалық тапсырмаларды дұрыс орындады. Ойын барысындағы өзгерістерге дұрыс реакция таныта алды. Дегенмен, екінші раунд алдында істейтін жұмыс әлі көп. Еуропаның мықты командаларына қарсы ойнап, жігіттер жақсы тәжірибе жинады. Топтан шығу олардың өз-өзіне деген сенімін арттырып, кез келген қарсыласпен ойнай алатынын көрсетті.

– Биыл U-17 құрамасын жасақтағанда қандай критерийлерге назар аудардыңыз? 

– Ең алдымен, ойыншылардың клубтарындағы тәжірибесіне қарадым. Біздің ойын моделіне сәйкес келуіне, даму әлеуетіне, тәртібіне, командалық жұмысқа дайындығына мән бердім. Қазір жақсы ойнайтын ғана емес, болашақта өсуге қабілеті бар футболшыларды таңдауға тырыстым. U-17 құрамасының басты міндеті — болашақта U-19, U-21 және ұлттық құрамаға дайын резерв дайындау.

– Хорватиядағы матчтар қандай тәжірибе берді? Ойыншылар үшін ең пайдалысы не болды?

– Хорватиядағы ойындар біз үшін өте құнды болды. Ол жақтағы қарқын, жылдамдық, ойынның түсінігі – бәрі жоғары деңгейде. Жігіттер мүлде басқа стильдегі қарсыластарға тап болды, сондықтан тез арада бейімделуге тура келді. Бұл олардың мінезін ашты, әрі қай тұста жақсы, қай жерде қосымша жұмыс керек екенін анық көрсетті.

– Команданың дайындығына байланысты ҚФФ тарапынан көрсетілген қолдауды қалай бағалайсыз?

– ҚФФ қолдауын жоғары бағалаймын. Жиындарға, халықаралық матчтарға, логистикаға, медицинаға қатысты жақсы жағдай жасалды. Бұл жаттықтырушылар штабына толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай қолдау нәтиженің сапасына тікелей әсер етеді.

– Жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған ҚФФ бағдарламаларының әсерін байқап жүрсіз бе? 

– Иә, өзгерістер айқын байқалады. Мамандарды даярлау жүйесі күшейіп, әр департаментте жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Өңірлерде академиялар салынып, стадиондар жаңарып, клубтардың жеке қолға өтуі де дұрыс бағыттағы қадам. Бұл өзгерістер уақыт өте келе жақсы нәтиже береді. Мұнда ең бастысы – асықпай, жоспарлы түрде даму.

– Скаутинг, ойыншыларды іріктеу және өңірлік орталықтармен жұмысты қалай бағалайсыз?

– ҚФФ-мен бұл бағыттағы жұмысты оң бағалаймын. Өңірлермен байланыс жақсарды. Қазір ойыншылардың даму динамикасын бақылауға мүмкіндік беретін түрлі құралдар бар. Ішкі чемпионаттағы статистика, халықаралық матчтардағы көрсеткіштер деген секілді. Скаутинг жүйесі бірізденіп, құрылымдалып келеді. Бұл құрамды сапалы жасақтауға мүмкіндік береді.

– Биыл команда Әзербайжанда және Шымкентте оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жолдастық матчтарға қатысты. Бұл кезеңдер Хорватиядағы нәтижеге қалай әсер етті?

– Маусым айындағы жиын және Әзербайжандағы ойындар селекциялық тұрғыдан өте маңызды болды. Көп футболшыны қарап, олардың халықаралық деңгейдегі ойынын көрдік. Бұл команда жасақтауда өте көп ақпарат берді. Ал Шымкентте Тәжікстанға қарсы матчтар дайындықтың келесі сатысы болды. Ойын философиясын бекітіп, қателерді түзедік. Команданың атмосферасын нығайттық. Әр кезең өз міндетін атқарып, іріктеуге дұрыс күйде келуімізге көмектесті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или