Қашкен Алматы клубына неге қосыла алмағанын айтты
«Жетісу» және Қазақстан құрамасының қорғаушысы Дінмұхаммед Қашкен «Қайраттағы» қысқы оқу-жаттығу жиынынан кейін неге командада қала алмағанын айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz ASnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қашкеннің айтуынша, 2024 жылдың желтоқсанындағы алғашқы жиынды ол «Астанамен» бірге өткізген. Кейін «Қайратпен» келісіп, олардың жиынына қосылған. «Бас бапкер қарсы болған жоқ, тіпті менің қалуымды қалаған. Бірақ клуб басшылығымен ортақ шешімге келе алмадық. Өзім де қалғым келді. Алматыда ойнау ыңғайлы — отбасым қасында, барлық жағдай бар. Ең бастысы, туған қалаңда өнер көрсету ерекше сезім береді», — деді ол.
Қазан айында Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Қашкенді ұлттық командаға шақырып, оның көрсеткіштері басқа ойыншылардан жоғары екенін атап өткен. Алайда қорғаушы Лихтенштейн мен Солтүстік Македонияға қарсы матчтарға қатысқан жоқ.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының экс-капитаны Самат Смақов та Қашкеннің ұлттық құрамадағы болашағы туралы пікір білдірген еді.