Уайт пен Нганну арасындағы оқиғаның мән-жайы белгілі болды
UFC президенті Дэйна Уайт ұйымның бұрынғы жауынгері Фрэнсис Нганнумен болған келеңсіз оқиғаны есіне алды, деп хабарлайды Prosports.kz Sport24 басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жағдай Нганну соңғы жекпе-жегінен кейін 50 мың долларлық бонус ала алмағанына ашуланған сәттен басталған.
Уайттың сөзінше, жекпе-жектен соң Нганну дәлізде жүрген, ал Дэйна оны кабинетіне шақырып, не болғанын сұраған. «Ол қатты ашулы болды. “Маған бонус бермеді” деп айқайлады. Мен оған: “Сен алған жоқсың, өйткені мына жігіттерге берілді” деп түсіндірдім», — деді Уайт.
Әңгіме аяқталғандай болғанда, Нганну күтпеген жерден Уайтты жағасынан ұстап, қайта кабинетке итеріп кіргізген. «Сонда мен оған: “Қолыңды алып кет” дедім. Сол сәтте оның кім екенін, қаншалықты ашулы болғанын көзінен-ақ көрдім», — деді Дэйна Bloody Elbow басылымына берген сұхбатында.