GGG қоштасу жекпе-жегін Қазақстанда өткізгісі келеді
Қазақстандық бокстың тірі аңызы Геннадий Головкин туған елінде қоштасу жекпе-жегін өткізу мүмкіндігін қарастыруда, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл туралы «Спорт Шредингера» ақпараттық порталы жазды. 43 жасқа толғанына қарамастан, GGG әлі ресми түрде мансабын аяқтағанын жариялаған жоқ.
Asia Boxing президенті Пичаи Чунхаваджирамен кездесу барысында Головкин тағы бір жекпе-жек туралы ойланып жүргенін, әрі оның Қазақстанда өткенін қалайтынын айтты. Әңгіме кезінде Пичаи Головкиннің World Boxing ұйымы президенті қызметіне үміткер болуға ниет білдіргенін де атап өтті.
«Мұны естігеніме қуаныштымын, өйткені сіз — дұрыс адамсыз. Боксты жетік білесіз!», — деді Пичаи Чунхаваджира.
Головкин оған алғыс білдіріп:
«Үлкен рақмет! Мен боксты білемін. Бокс — менің өмірім. Осы жолда көп еңбек еткім келеді», — деп жауап берді.
Кездесу соңында GGG жанкүйерлеріне тағы бір жекпе-жек болуы мүмкін екенін айтты:
«Мүмкін, тағы бір жекпе-жек өткізгім келетін шығар», — деді ол.
Пичаи оның бұл ойын қолдап, әзіл аралас:
«Мен де, көптеген жанкүйер сияқты, YouTube-та GGG-дің хайлайттарын қайта-қайта көргенді жақсы көремін», — деп қоштады.
Геннадий Головкин бұған дейін де рингке оралу туралы әңгіме қозғаған болатын. Осы жылы Англияда World Boxing аясында өткен тарихи әлем чемпионаты кезінде журналистерге сұхбат берген Головкин: «Иә, неге болмасқа? Мұнда мен ескі эмоцияларымды қайта сезіндім», – деп жауап берді.
Әлімханұлы Канелоны жеңген боксшыны жекпе-жекке шақырмақ
Терренс Кроуфорд Сауль «Канело» Альвареспен реванш өткізуді қалайды
Жәнібек Әлімханұлының салмағында IBF чемпиондығына үміткер анықталды