Камила Аймұқашева: Алтын жүлде жеңіп алуды қаладым. Бірақ қола да - табанды еңбектің жемісі

Камила Аймұқашева: Алтын жүлде жеңіп алуды қаладым. Бірақ қола да - табанды еңбектің жемісі


Қазақстандық таеквондошы Камила Аймұқашева Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында үшінші орын үшін өткен шешуші жекпе-жектен кейінгі әсерімен бөлісті.

Ол қарсыластарының деңгейін бағалап, алдағы мақсаты жайлы айтты.

"Медаль алғаннан кейінгі алғашқы сезім? Шынымды айтсам, әлі өзіме келе алған жоқпын. Жекпе-жек өте тартысты өтті. Екінші раундта аздап босаңсып қалдым, не болғанын өзім де түсінбедім. Негізі екі раундта-ақ жеңіске жетуге болар еді. Бірақ айқасты соңына дейін жеткізуге тура келді.

Әрине, алтын жүлде жеңіп алуды қаладым. Бірақ қола да - табанды еңбектің жемісі. Сондықтан ел құрамасының қоржынына медаль салғаныма өте қуаныштымын.

Қарсыластар өте мықты, әр жекпе-жек оңай болмады. Алғашқы айқас та жеңіл болған жоқ. Турнирдің басы болғандықтан, әлі қарқын алып үлгермейсің. Екінші және үшінші кездесулер де оңайға соқпады. Екінші жекпе-жекте мен екі апта бұрын ғана әлем чемпионатына қатысып, қола алған спортшыны жеңдім.

Үшінші жекпе-жекте қарсыласым Олимпиада жүлдегері болды. Онымен күш сынасу қиынға соқты. Тәжірибе мен күш жетіспеді. Бірақ осындай деңгейдегі спортшылармен кездескеніме қуаныштымын. Бұл маған үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта да жұмыс істеп, бүгін жол берген қарсыластарымды жеңуге тырысамыз.

Бұл мен үшін маусымдағы соңғы маңызды жарыс болды. Енді Қазақстан чемпионаты күтіп тұр. Басты мақсат - бірінші орын алып, ұлттық құрама сапына ілігу. Одан кейін аздап демалып, жаңа жылды тың серпінмен бастаймын," - деді Аймұқашева.


Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или