«Жеңіс» жаңа инвестор алды: Ломтадзе әлемдік деңгейдегі футбол академиясын ашады
Астанадағы «Жеңіс» футбол клубына Михаил Ломтадзе инвестиция құйып, әлемдік деңгейдегі балалар академиясын ашуға кіріседі. Бұл қадам Мемлекет басшысының елімізде футболды дамыту жөніндегі стратегиялық бағыты аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұған дейін Михаил Ломтадзе халықаралық стандарттарға сай кәсіби футбол академиясын құру жоспарын айтқан еді. Енді белгілі болғандай, академия «Жеңіс» клубының базасында салынып, жас ойыншылар тегін жаттыға алады.
Kaspi.kz компаниясының басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе: «Арманым — Қазақстан мен Англияда әлемдік деңгейдегі балалар академиясын құру. Онда ең дарынды жас футболшыларды тәрбиелеп, болашақ жұлдыздарды қалыптастырғымыз келеді. Оқыту толықтай тегін болады. Жас спортшылар біздің үздік мамандардан және футболдың отаны саналатын Англияның мамандарынан тәлім алады», — деді.
Оның айтуынша, инфрақұрылымнан бөлек, елдегі кәсіби футболды дамытуға, ойыншыларды жүйелі даярлауға ерекше мән берілмек.
«Жеңіс» клубының бас директоры Айдын Қожахмет жаңа инвестордың келуі үлкен серпіліс әкелетінін атап өтті: «Михаил Ломтадзе секілді инвестордың келуі — клуб үшін үлкен мүмкіндік. Футболдың болашағы — балалар, инфрақұрылым және заманауи әдістеме. “Жеңістің” тарихы бай. Біз клубтың бұрынғы даңқын қайта қайтаруға және қазақстандық футболдың дамуына үлес қосуға сенімдіміз».
Айта кетейік, 1964 жылы құрылған «Жеңіс» — Қазақстандағы ең көне әрі беделді клубтардың бірі. Команда үш рет ел чемпионы (2000, 2001, 2006) атанып, үш рет Қазақстан Кубогын жеңіп алған (2001, 2002, 2005).