«Қайрат» Чемпиондар лигасынан 35 миллион еуро табыс тапқан
Кәсіпкер және «Қайрат» футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев клубтың биылғы маусымдағы қаржылық табысы жайлы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Клуб президенті Қайрат Боранбаев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында Чемпиондар лигасынан нақты қанша ақша түсетінін айтып берді.
Президенттің сөзінше, УЕФА Чемпиондар лигасының осы маусымдық циклі бойынша «Қайрат» шамамен 35 миллион еуро табыс тапқан:
«Чемпиондар лигасындағы цикл үшін шамамен 35 миллион еуро (21 миллиард теңге) аламыз. Демеушілерден түсетін, билет сатудан және УЕФА тарапынан берілетін ақшаның бәрі осының ішінде», – деді Қайрат мырза.
Сондай-ақ Конференция лигасынан тапқан табысын да жасырмады:
«Екі жыл бұрын Конференция лигасында ойнап, 6 миллион еуро (3,6 миллиард теңге) алдық. Бұл бір клубтың чемпионатта еш қиналмай ойнап-шығуына жетеді. 4 миллионды бірден берді, ал қалған 2 миллион ойынды көрсету құқығынан түсті».
Айта кетейік, үшінші турда «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы алғашқы табысын – кипрлік «Пафоспен» тең ойнағаны үшін 700 мың еуро иеленген болатын. УЕФА негізгі кезеңге шыққан клубтарға 18 620 000 еуро, жеңіс үшін 2 100 000 еуро, ал тең нәтиже үшін 700 000 еуро төлейді.
Плей-офф кезеңінде сыйақы көлемі айтарлықтай өседі. Өтпелі матчтарға қатысқан командалар 1 миллион еуро алады. Ал 1/8 финалға шыққан клубтарға 11 миллион еуро көлемінде сыйақы беріледі.
Алда «Қайратты» келесі төрт маңызды матч күтіп тұр:
- 26 қараша, 22:45 – «Копенгаген» – «Қайрат»
- 9 желтоқсан, 20:30 – «Қайрат» – «Олимпиакос»
- 20 қаңтар, 20:30 – «Қайрат» – «Брюгге»
- 29 қаңтар, 01:00 – «Арсенал» – «Қайрат».
Алматыдан неше есе арзан? «Арсенал» - «Қайрат» матчының билет бағасы шықты