«Сөзінде тұрмады»: маңғыстаулық параспортшылар несие алуға мәжбүр болған
Маңғыстау облысының параспортшылары мемлекет қаржыландыратын турнирге өз қалталарынан төлеп баруға мәжбүр. Lada.kz мәліметінше, спортшылардың ата-атаналары осылай деп шағымданған, деп хабарлайды Prosports.kz сайты 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
9-13 қараша аралығында елімізде паралимпиадалық спорт түрі - боччадан Қазақстан кубогы өтеді. Бұл сайысқа маңғыстаулық спортшылар тамыз айынан бері дайындалған. Алайда өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қаржылай қолдау әлі күнге дейін көрсетілмеген.
Ата-аналардың айтуынша, 31 қазан күні кешке ортақ чатқа басқармадан хабарлама келіп, онда қаражат жоқтығы себеп команданың жарысқа қатыса алмайтыны айтылған.
«Бәріміз абдырап қалдық. Балалар бірнеше ай бойы дайындалып, жарысқа бір апта қалғанда ешкім бармайтынын білдік. Бірден облыстық бочча федерациясының президенті Жаңбырбай Матаевқа жүгіндік. Ол өз кезегінде облыстық спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқашқа хабарласты. Мұқаш мырза қызметкерлердің бірі хабарламаны қателесіп жазғанын, команда қатысатынын алға тартты. Тіпті «бәрі дайын, қаражат бөлінген», - деді. Мұны естіген бойда өз қаражатымызға билет алдық. Әуе билеттерінің құны – екі жаққа 240 мың теңге. Кейбір ата-аналар несие алуға мәжбүр болды», – дейді ата-аналар.
Алайда ата-аналарға сол күйі ақша түспеген көрінеді. Қиын жағдайға қарамастан, маңғыстаулық команда 9 қараша күні өз есебінен Қазақстан кубогына қатысу үшін жолға шықпақ.
«Біз билеттерді өзіміз сатып алдық, қонақүйді де өзіміз броньдап жатырмыз. Балаларға «ақша бөлінбеген екен» деп айтуға дәтіміз бармады – олар ұзақ дайындалды, осы сапарды асыға күтті. Қажет болса, бәрін өзіміз төлейміз. Бірақ биліктің мүмкіндігі шектеулі балалардан үнемдеп отырғаны жанымызға батады. Шенеуніктер уәде берді, бірақ сөзінде тұрмады. Қаржы бөліне ме, жоқ па, оған ешкім нақты жауап бермеді. Кейбірі ақшаның жоқтығынан жарысқа барудан бас тартуға мәжбүр», – дейді олар.
Редакция спорт басқармасының басшысына да, оның орынбасарына да хабарласып ала алмағанын айтады.