Artline Kazakhstan Мизанодағы әлемдік финалда жеңіске жетті
Artline Kazakhstan командасы Lamborghini Super Trofeo World Finals 2025 жарысында әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz. Финалдық кезең Италияның әйгілі Мизано автодромында өтті.
Қазақстандық экипаж — Шота Абхазава мен Егор Оруджев жұбы Pro-Am санатында өнер көрсетті.
Шешуші жарыста Artline Kazakhstan бастапқы айналымдардан-ақ сенімді өнер көрсетіп, тұрақты жылдамдық пен жоғары үйлесімділіктің арқасында көшбасшылар қатарынан табылды. Финишке 16 минут қалғанда команда алға шықты. Алайда қарсыластар арасындағы соқтығыс салдарынан трассаға қауіпсіздік көлігі (Safety Car) шықты да, жылдамдық шектеліп, артықшылықты арттыру мүмкін болмады.
Жарыстың соңғы айналымдарында жағдай шиеленісіп, бірнеше экипаждың арасындағы бәсеке күшейді. Соңғы минуттарда болған соқтығыс пен кейінгі шешімдерден кейін төрешілер видеоқайта қарау арқылы нәтижелерді өзгертті. Соның нәтижесінде Artline Kazakhstan экипажының әрекеті толықтай ережеге сай деп танылып, команда ресми түрде әлем чемпионы деп жарияланды.
Бұл жеңіс — Artline Kazakhstan үшін тарихи сәт. Бұған дейін команда Еуропа финалында күміс медаль алған болатын. Енді Мизанодағы бұл жеңіс маусымның шарықтау шегіне айналып, Қазақстанның әлемдік автоспорттағы беделін айқындай түсті.
ArtLine Kazakhstan: Қазақстан командасы жаңа биіктерге жету жолында