Қазақстан ҰОК президенті Эр-Риядта өткен ISSA Бас ассамблеясына қатысты
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) 14-ші Бас ассамблеясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ассамблеяны ISSA ұйымының президенті, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Файсал ашты. Ол қатысушыларға ұйымның қызметіне және VI Ислам ынтымақтастығы ойындарын өткізуге көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, бұл форумның ислам әлеміндегі спортты дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында ISSA Бас хатшылығы 2024 жылғы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Онда қызмет төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілгені айтылды. Ал жаңа циклде басымдық берілетін бағыттардың саны жетіге дейін артты.
Ассамблея аясында ұйымның басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ISSA Конституциясына 15 түзету қабылданды. Олар 30 күн ішінде түпкілікті бекітілген соң күшіне енеді. Сонымен қатар ұйым құрылымын нығайту мақсатында үш жаңа комиссия құрылды. Тағы он екі комиссияның қалыптасу үдерісі жүріп жатыр.
Эр-Риядта сондай-ақ VII Ислам ынтымақтастығы ойындарының өтетін орны анықталды. Турнирді өткізу құқығы Малайзияға (Селангор штаты) берілді. Туды тапсыру рәсімі осы ойындардың жабылу салтанатында өтеді.
Жиында ISSA құрамындағы мемлекеттердің ұсынысы да қаралды. Мысыр - қазіргі бессайысты, Тунис - ушуды, Алжир - велоспортты, ал Кувейт - паралимпиадалық спорт түрлерін ойындар бағдарламасына енгізуді ұсынды.
Айта кетейік, Бас ассамблея VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының аясында ұйымдастырылды. Аталған дода 7-21 қараша аралығында Эр-Рияд қаласында өтіп жатыр. Ойындарға 57 елден 3000-нан астам спортшы қатысуда, олардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. Бұл көпсалалы спорттық дода 2026 жылғы Азия ойындары мен 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықтың маңызды кезеңі болмақ.
ISSA - штаб-пәтері Эр-Риядта орналасқан, Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) жүйесіндегі тәуелсіз құрылым. Қауымдастықтың құрамына 57 мемлекет кіреді. ISSA-ның басты мақсаты - спортшыларды қолдау және қатысушы елдерде спортты дамыту үшін түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру. Ислам ынтымақтастығы ойындары әр төрт жыл сайын өткізіледі.
Тарихи жеңіс: қазақстандық автокоманда әлем чемпионы атанды
Исламиада-2025: тағы төрт қазақстандық жүзгіш жартылай финалға жолдама алды
Үш қазақстандық спортшы Ислам ынтымақтастығы ойындарының жартылай финалына шықты