Ауыл балалары республикалық жарыста бақ сынасты
Шалғайдағы ауыл мектебінен басталған арман биыл Алатаудың етегінде үлкен аренаға ұласты. Бір жыл бойы елдің түкпір-түкпірінде өткен іріктеу кезеңдерінен суырылып шығып, ауыл намысын қорғауға келген мыңдаған жас спортшының жеңіс жолы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл республикалық турнир – ауыл балалары үшін мереке ғана емес, жылдар бойғы еңбектің, табандылықтың, арманға адалдықтың жарқын нәтижесі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше басымдық берді. Мемлекет басшысының бастамасын үнемі қолдайтын Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры «AUYL SPORT» турнирін қатарынан екінші жыл өткізіп, мықтыларды анықтады.
10 мың баладан мың жүйрік анықталды
Жоба жыл басынан бері 17 облысты, 300-ден аса ауылды қамтыды. 10 мыңнан астам жасөспірім бақ сынаған додада 1700 ең үздік спортшы финалға жолдама алып, 3–6 қарашада Алматыда бас қосты. Оларға елдің ең үздік төрешілері баға берді.
Халықаралық деңгейдегі финал
Спортшыларға кәсіби деңгейде жағдай жасалып, олар өзін халықаралық аренада жүргендей сезінді. Алаңдар заманауи стандартқа сай жабдықталды, қатысушылар тегін киіммен, жатын орынмен, тасымалмен қамтамасыз етілді.
«AUYL SPORT – ауыл балаларының болашағына салынған инвестиция. Финалда тек чемпиондар емес, бүкіл елдің үміті анықталды. Бізге әр спортшының жағдайын жасау басты басымдықтардың бірі болды, сондықтан қор бұған барын салды», – деді Halyk қорының директоры.
Айта кетейік, турнирге биыл тұңғыш рет үстел теннисі енгізіліп, ауыл мектептерінде кәсіби жаттығу жүйесі іске қосылды. Бұл өз нәтижесін беріп, финалда жаңа чемпиондар анықталды.
Арманға жол ашқан дода
Жеңімпаздардың бірі додадан қандай әсер алғанын бөлісті.
«Мен бұл жарысқа ауылдың кіші залынан дайындалдым. Финалға келгенде өзімді үлкен аренада жүрген чемпиондай сезіндім. AUYL SPORT менің өмірімді өзгертті», – деді турнир жеңімпаздарының бірі.
Жарыс алаңында тек спортшылар емес, олардың ата-аналары да толқыды. Солардың бірі – Марат есімді қатысушының әкесі.
«Баламды үлкен аренада көру бақыты бұйырды. Қуанышымда шек жоқ. Мұндай мүмкіндік сыйлаған қорға алғысым шексіз. Бүгін біздің отбасыға ғана емес, бүкіл ауылға мерейтой. Енді халықаралық жарысқа білек сыбана кірісеміз», - деді Мараттың әкесі әрі жаттықтырушысы.
Жеңімпаздар өз еңбегімен ақшалай марапатқа ие болды. Ендігі бағыт – халықаралық дүбірлі додалар. Ауылдың ұл-қыздары енді әлем сахнасына бет алды.
Айта кетейік, бұған дейін жобаға қатысқан спортшы Махмет Жасұлан жарыстардың бірінде әжесіне Олимпиада чемпионы болса, Меккеге апаратынын айтып, уәде берген еді. Ел спортына қолдау көрсетіп келе жатқан меценат Тимур Құлыбаев баланың арманын естіп, оның әжесіне Меккеге қажылық жолдамасын сыйлады. Бұл - ауыл тәрбиесінің күші, адал сөздің өтеуі, жақсылықтың жалғасы.
«Бүгін арманым орындалды. Қуанышымда шек жоқ. Мен үшін ең үлкен қуаныш – әжемнің бақытты жүзін көру. Осындай мүмкіндік сыйлаған ағаларға мың алғыс.Ендігі мақсатым – додаларда жеңіске жету», - дейді Махмет Жасұлан.
Жетістікке бастар жол
«AUYL SPORT» – ауыл жастарына спорт арқылы үлкен арманға жол ашуға бағытталған Тимур Құлыбаев бастаған Halyk қорының маңызды жобасы. 2024 жылы бастау алған бағдарлама алғаш күннен-ақ шалғайдағы мыңдаған жасөспірімге үміт сыйлап, спортқа деген талпынысын арттырды. Былтыр бір жыл ішінде 200 ауылдан 12 мыңнан астам бала қатысып, дебют маусым елдің ең ауқымды ауыл спорт мерекесіне айналды. Алматыда өткен финалда 1300 талантты спортшы жиналып, тарихи жарыстың бір бөлігі болды.
Бастама нәтижесі де ұзақ күттірмеді. 2025 жылғы көктемде «AUYL SPORT» жеңімпаздары Қазақстан құрамасына қосылып, Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасына жол тартты. Әлемдік деңгейдегі беделді байрақты бәсекеде Қазақстаннан барған 22 жас спортшының 12-сі – ауыл балалары. Ел құрамасы жарысты 11 медальмен аяқтап, биік нәтижеге қол жеткізді. Оның төрт медалін ауыл спортшылары жеңіп алып, ауылда туып-өскен таланттардың мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеді.