Миландық «Интер» «Қайратқа» қарсы ойын алдында қазақ тілінде жазба жариялады (видео)
Миландық «Интер» алматылық «Қайратпен» ойыны қарсаңында Инстаграм желісіндегі парақшасында қазақ әнінің сүйемелдеуімен қазақ тілінде жазба жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Матч 5 қарашадан 6 қарашаға қараған түні Миланда өтеді, ойын Қазақстан уақыты бойынша сағат 1:00-де басталады.
«Интермен» ойын Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі аясында өтеді.
Қазақстандық клубпен матч қарсаңында «Интер» Instagram желісінде бұрынғы футболшы, қазір «Атлетико» жаттықтырушысы Диего Симеоненің мұрағатынан видео жариялады. Видеода Симеоне гол соққан сәтті көруге болады. Жазбаны қазақша әнмен сүйемелдеген.
«Симеоне дәл және өте әсерлі гол соқты. Осындай контент үшін «жазылу» түймесін басыңыз», - делінген жазба сипаттамасында.
Видео қазақстандық желі қолданушыларының ерекше қызығушылығын туғызды. Қазақстандықтар алматылық клубты қолдайтындықтарын білдірді.
Айта кетейік, «Қайраттың» орталық қорғаушысы Александр Мартынович жарақатына байланысты УЕФА Чемпиондар лигасы аясындағы «Интерге» қарсы ойынға қатыса алмайды.