«Хартс» Чесноковтың қаңтарда командаға қосылатынын күтуде
Шотландиялық The Scottish Sun порталының мәліметінше, «Хартс» клубының басшылығы Қазақстан құрамасы мен «Тобыл» жартылай қорғаушысы Ислам Чесноковтың трансфері жүзеге асатынына сенімді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Хартс» жазда 25 жастағы қазақстандық футболшымен алдын ала келісімшартқа қол қойған. Дегенмен соңғы күндері БАҚ-та ойыншының Ресей мен Қазақстан клубтарынан ұсыныс алып, Эдинбургке көшу жоспары өзгеруі мүмкін деген ақпарат тараған еді.
Алайда SunSport дерегінше, шотландиялық клуб жағдайды тұрақты деп есептейді және Чесноковтың келесі айда жаттығу процесіне қосылатынын күтуде. Басты бапкер Дерек МакИннес ойыншыны шабуылдың флангінде ойнайтын маңызды күшейту ретінде қарастырып отыр.
Чесноков Эдинбургке қаңтар айының басында келіп, трансферлік терезе ашылғаннан кейін команда сапында ресми кездесулерге қатыса алады. Осы маусымда ол «Тобыл» құрамында 25 матч өткізіп, 9 гол соғып және 4 нәтижелі пас берген.