Дамир Қасабулат: «Қарсылас кім болса да, жеңіске ұмтыламыз»
«Қайрат» командасының 23 жастағы қорғаушысы Дамир Қасабулат Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші тур аясында өтетін «Интерге» қарсы сырт алаңдағы матч алдында өз ойын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Кейде өзің де сенгің келмейді: келесі қарсыласты талдағанда экраннан “Реал” немесе “Интер” сияқты командаларды көресің. Бірақ бұл – футбол. Әр ойында жеңіске ұмтылу керек, қарсыластың беделіне қарамау керек. Біздің мақсат – ұпай жинау және өз ойынымызды көрсету. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз», – деді Қасабулат Legalbet.kz тілшісі Алмат Теміртасовқа берген сұхбатында.
«Интер» – «Қайрат» кездесуі 6 қараша күні Италияның Милан қаласындағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында өтеді. Ойын Астана уақытымен түнгі 01:00-де басталады.