ҚФФ: Бұқаралық футбол жобаларына 1 миллионнан астам адам қатысты
                  Қазақстанда ҚФФ-ның бұқаралық футбол жобаларына 1 миллионнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Қазақстан футбол федерациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі бұқаралық футболды дамыту бойынша тапсырмасын орындап жатыр.
ҚФФ 2025-2030 жылдарға арналған бұқаралық футболды дамыту стратегиясын бекітті. Құжатта балалар, мектеп, студент және инклюзивті футбол бағыттарын дамытуға ерекше көңіл бөлінген.
Бағдарламаға мектеп және студенттік лигалар, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жобалар, сондай-ақ «Family Football» және «Walking Football» сияқты бастамалар кіреді.
2025 жылы ҚФФ аясында өткен түрлі іс-шараларға 1 миллионнан астам қазақстандық қатысты. Бұл еліміздің барлық өңірінде бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі және УЕФА қолдауымен жүзеге асқан «Ұлттық мектеп лигасы» жобасына еліміздің барлық өңірінен футболдан 850 мың және футзалдан 186 мың оқушы қатысты. 1-4 сынып оқушылары арасында «Балдәурен» турнирі мен 18 өңірде 1000-нан астам баланың қатысуымен «УЕФА бұқаралық футбол апталығы» ұйымдастырылды.
Сондай-ақ жеке футбол мектептері мен академиялары арасында 6 жас санатында ел чемпионаты өтті. Оған 18 өңірден 500-ден астам команда мен 9 мың ойыншы қатысты. Бұдан бөлек, елдің жоғары және орта оқу орындарынан 15 команда қатысқан футзалдан қыздар арасындағы студенттік лига өтті.
«Қазақстан әуесқой лигасы» турнирінде 277 команда мен 6500 ойыншы бақ сынады. Финалға шыққан Алматы мен Орал командалары кәсіби клубтар арасындағы Қазақстан Кубогы мен әуесқойлар арасындағы УЕФА өңірлер кубогына қатысады.
Бұған қоса, еліміздің түрлі өңірінен 10 команда қатысқан жағажай футболынан Қазақстан чемпионаты, кубогы және Суперкубогы өтті. Арнайы қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік жобалар да жүзеге асырылды: ДЦП-мен ауыратын балалар арасындағы ел чемпионаты (7 команда, 85 қатысушы), «Blind Football» федерация кубогы (60 бала), футбол фестивальдері мен жаттықтырушыларға арналған семинарлар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар «D» санаты бойынша жаттықтырушыларды даярлау бағдарламасы аясында 349 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқудан өтті.
«Интердің» бас бапкері «Қайратқа» қарсы матч алдында мәлімдеме жасады
«Қайрат» Фарер аралдарына қарсы ойын алдында өзінің төрт футболшысын қайтарып алады