Төрт қазақстандық балуан жасөспірімдер Азиадасының қола жүлдесі үшін бақ сынайды
29 қазанда Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында еркін және әйелдер күресінен белдесулер өтті.
Ширек және жартылай финалдың қорытындысы бойынша төрт қазақстандық балуан қола жүлде үшін күресетін болды.
Ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ибрагим Ысқақбек жартылай финалда Джайвир Сингхқа (Үндістан) есе жіберді.
48 келіге дейінгі салмақта Сабыржан Рахатов финалға шығу үшін өзбекстандық Шахобидин Нурмановпен белдесіп, қарсыласына жол берді.
Ал Ералы Әскербек 65 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында Гурав Пуниядан (Үндістан) жеңіліп қалды.
Әйелдер күресінен 69 келіге дейінгі салмақта Нұрайым Саяхмет ширек финалда Ашвини Вишноиға есе жіберді. Нәтижесінде, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, финалдық бәсекелер Астана уақытымен 19:00-де басталады.