46 жастағы Лукас Браун Флоридада BKB белбеуін көздейді
22 қараша күні АҚШ-тың Флорида штатындағы Пемброк-Пайнс қаласында орналасқан Charles F. Dodge Center аренасында 46 жастағы ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Лукас Браун жалаңқол жекпе-жектен чемпиондық белбеу үшін айқасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
BKB 48 турнирінің басты жекпе-жегінде австралиялық боксшы бұл спорт түрінің үздігі саналатын Густаво Трухильомен кездеседі. Қарсыласының еншісінде — жеті жеңіс және барлығы мерзімінен бұрын аяқталған.
Браун үшін бұл — жалаңқол жекпе-жектегі екінші кездесу. Қыркүйекте ол Кори Харрисонды (кесілген жарақатқа байланысты рефери тоқтатты) мерзімінен бұрын жеңген болатын. Бұған дейін Лукас бокстан кетіп, қатарынан үш нокауттық жеңілістен кейін мансабын аяқтаған еді.
Еске салайық, 2016 жылы Браун Грозныйда өткен жекпе-жекте Руслан Чагаевты нокаутпен ұтып, WBA Regular белбеуін иеленген. Алайда кейін допинг-тесттен өте алмай, атағынан айырылды. Соған қарамастан, сол кездегі жекпе-жек нәтижесі өзгеріссіз қалды.