Таеквандо: Айдана Құмартаева ел қоржынын қола жүлдемен толықтырды
Қазақстандық таеквондошы Айдана Құмартаева Усиде өтіп жатқан Әлем чемпионатында ел қоржынын қола жүлдемен толықтырды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Әйелдер арасында 46 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған ол жартылай финалда түркиялық Эмине Гогебаканмен кездесті.
Отандасымыз Айдана бүгін Әлем чемпионатында өте тартысты жекпе-жектер өткізді. Алғашқы кездесуінде ол Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Никола Кражевскаяны, екінші жекпе-жегінде Португалия спортшысы Киарра Барросоны 2:0 есебімен жеңді. 1/16 кезеңде үндістандық Ваишнабені жолдан ығыстырса, ширек финалда World Taekwondo өкілі Джесси Бассетті айқын басымдықпен ұтты.
Осылайша, Айдана Құмартаева Қазақстан таеквондосына жаңа тарихи оқиға тіркеді.Әлем чемпионаттарында қазақстандық әйел спортшылар екі бірдей медаль жеңіп алған емес.
Естеріңізге сала кетсек, 25 қазан күні тағы бір отандасымыз Нодира Ахмедова Қазақстан әйелдер таеквондосына 18 жылдан кейін Әлем чемпионатының жүлдесін сыйлаған болатын.
Усиде таеквондодан өтіп жатқан Әлем чемпионатының барлығы 179 елден 991 спортшы қатысуда. Дүниежүзілік біріншілік 30 қазанға дейін жалғасады.
Айдана Құмартаева таеквондодан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды
Қазақстанда тұңғыш рет таеквондодан Әлем чемпионаты өтеді
2025 жылғы Азия ойындары: ұлттық құраманың тізімі жарияланды